Егер былай десең: Жарайды, жанды нәрселерде ләззат бар дейік, ал
жансыздарда қандай ләззат болуы мүмкін?
Жауап: Иә, жансыздар міндетін өз пайдасы үшін атқармайды, өздерінде
жарқырай көрінетін Иләһи есімдердің атынан, солардың әдемілігі, әсемдігі,
реттілігі секілді кемел көріністерінің шағылысы үшін қызмет етеді.
Осындай табиғи қызметі үшін бүкіл Нұрлы есімдердің бір үлгісі, айнасы
секілді күйге бөленетіндіктен нұрланады, кемелденеді. Мысалы, бір тамшы
су яки бір түйір әйнек негізінде сәулесіз болса да, Күнге бет бұрған сәтте
әлгілер Күннің бір кішкентай тағы секілді болып, сәуле шашып құлпырып
кетпей ме? Міне, дәл осы мысалдағыдай зәрре бөлшектер мен айналадағы
жаратылыс Жамал әрі Камал Зат-ы Зүлжәлалдың көркем есімдеріне
қызмет жасау арқылы әлгі өте қарапайым тамшы мен әйнек сынығының
жарқырағаны іспетті әрнәрсе өте жоғарғы дәрежеге жетеді. Онсыз да өз
міндеттерінде соншама нұрлы биікке көтеріліп жатса, ләззат алу мүмкін
болса яғни басқалардың өмірінен үлес алып жатса, өте күшті ләззат ала
отырып өз міндеттерін атқаруда деуге болады.
Міндет атқарған кезде ләззаттың болатындығына ең анық дәлел,
сен өз ағза-мүшең мен сезімдеріңнің қызметтеріне назар салып қара!
Әрқайсысының өз болмысын және тіршілігін жалғастыру үшін жасаған
қызметтерінде жеке-жеке өзіндік ләззаттары бар. Атқарған қызметі
олардың рахаттануы болып саналады. Ал өз қызметін тоқтату ол ағзаға азап береді. Міндет атқарудың ләззат екендігінің тағы бір ашық дәлелі
ретінде қораздың яки балапан ерткен тауықтардың жанкешті іс әрекетінен
байқаймыз. Тапқан жемдерін өздері аш болса да жемей балапандарын
шақырады. Олай болса, міндет атқаруда жеп тоюдан да артық бір ләззат
болғаны. Әлгі тауықтар осы ләззат үшін балапандарын қорғап иттің аузына
түсуден тайынбайды, өзі аш жүрсе де балапандарына жем іздеумен болады.
Демек, міндет атқарудың соншама ләззатты екендігі оның аштықтан да, өлім
қасіретінен де артық екендігін көзге анық көрсетіп тұр. Ал, хайуандардың
енелері, төлдері үлкейгенше осы қызметін ләззатпен атқарады да үлкейген
соң ол қызметін доғарады яғни одан алатын ләззаты тоқтайды. Бірақ,
адамдардың аналарында мұндай ләззатты міндет ұзақ жалғаса береді.
Өйткені, адамдардың әлсіз жаратылысы баласына деген қамқорлықты ұзақ
қажет ететіндей бір ерекшелігі бар. Ал, барлық хайуандардың бақташылық
жасаушы аталықтары және әлгі тауықтар секілді аналықтарына анықтап
қарасаң ешқашан өздері үшін міндет атқарып жүрген жоқ. Өйткені қызмет
үшін, қажет болса, өмірлерін де пида етуге даяр. Олай болса, оларда сол
міндетті атқарту үшін міндет етілген бір міндет бар. Сол міндеттің ішінде
өзінің рахымымен ләззатты жаратып қойған Муним-і Кәрімнің, Фатыр-ы
Зүлжалалдың атымен қызмет атқаруда.
Дәл сол қызмет арқылы ақы берілетіндігінің бір дәлелі мынау: Өсімдіктер
мен ағаштарға қарап тұрсаң, соншама бір ләззатпен Фатыр-ы Зүлжәлалдың
бұйрықтарын орындап жатқанын көресің. Өйткені, өсімдіктердің
айналасына тарататын хош иісі, қарағандардың көз жауын алатын әдемі түр-
түсі, жемісі мен тұқымы үшін сабақтары қурап түскенше өсетіні, олардың
да Иләһи бір хикметпен ләззат алатындығынан хабар береді. Өз болмысын
сол ләззат жолына пида етіп ең соңында қурап, шіріп құлайды.
Бұтақтарында сүт қапшықтарын көтеріп тұратын какос ағашы мен
соншама дәмді жеміске толы інжір деген ағаштар өз хал тілдерімен Иләһи
рахмет қазынасынан ең дәмді сүт пен тәтті шырынды сұрап алып адамдарға
береді де, өздері батпақты суға қанағат етеді. Анар ағашы да сондай дәмді
шырынын адамдарға беріп, өзі лай су ішкенін қанағат етеді.
Тіпті, дәнектердің сабақ жайып өсуінің өзінен ерекше құштарлықты
байқауға болады. Қап-қараңғы топырақ астына қамалған дәнек кеңістікке,
жер бетіне шығуға соншама ұмтылады. Олай болса, мұнда бір міндеттілік,
ерекше ләззат бар. Міне, «Сүннетуллаһ» деп аталған жаратылыстағы осы
ғажайып көріністен мынаны ұғамыз: Іс әрекетсіз отырғандар, жалқаулық
төсегінде жатқандар тынымсыз қызмет етіп, бір тыным таппағандардан
әлдеқайда қиын өмір сүреді. Өйткені, іс әрекетсіз отырғандар өмірдің тез
өтуін тілеп, үнемі шағым айтумен болады. Ал, тынымсыз еңбек еткендер
үнемі шүкір мен Аллаһқа мадақ айтып рахат өмір сүруде. Өмірдің яғни
уақыттың тез өтуін қаламайды!