Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Сондай зұлымдық істегендерге бейім сыңай байқатпаңдар. Онда сендерге тозақ кездеседі. /Һуд,11;113/
/Бұл алтыншы бөлім адам және жын шайтандарының «Алты
айласын» ИншаАллаһ іске асырмай тастайды және шабуылға шығар
жолдарының алтауына тосқауыл қояды./
Адам шайтаны жын шайтанынан сабақ алып, Құран
жолында жүрген жанкешті қызметшілерді атаққұмарлық сезімі арқылы алдап,
осынау киелі қызметтен, қасиетті де ұлы күрестен (жихадтан) бас тартқызғысы
келеді. Адамдардың көпшілігінде «Хуббы жаһ» деп аталатын атаққұмарлық,
мақтаншақтық, даңқ деп аталатын жұрт алдында көзге түсу, елдің назарын
өзіне бұру, беделді болу, мансапқа жету деген арман бүкіл пенденің басында
азды-көпті бар. Тіпті сол арман оның бойындағы сол сезімді, атақ-даңқ
жолында өмірін де қиып жіберердей етіп қоздырады. Ақыретін ойлайтын
жандарға бұл сезім өте қауіпті. Әһлі дүние үшін де алмағайып жағдай. Жаман
мінездер де осыдан бастау алады. Адамның ең осал тұсы да осы. Яғни, бір
адамды өзіне тарту үшін оның сол сезімдерін қоздыру арқылы жығып кетеді.
Бауырларымның осы осал жағын діннен безген оңбағандар пайдаланып кете
ме деп қорқамын. Осы ой мені көп мазалайды. Шын дос бола алмаған кейбір
бейшара достарымды өздеріне осылай тартып кетті. Оларды рухани жақтан
қауіпті жағдайда қалдырды. (Сілтеме 26 ).
Ей, бауырларым! Құран қызметіндегі достарым! Осы атаққұмарлықты
қару етуші зымиян Әһлі дүнияның тыңшыларына және адасушы дінсіздердің
үгітшілеріне және шайтанның шәкірттеріне былай деңдер:
Бәрінен бұрын Аллаһтың ризашылығы, Оның Рахмани ілтипаты, қабыл алуы өте жоғарғы мәртебе. Оның жанында адамдар арасында мәртебелі болу, олардың сый-
сыяпаты зәрредей ғана нәрсе. Егер Аллаһтың мейірімі түссе сол жетеді. Ал,
адамдардың құрметі Аллаһтың мейірімінің көрінісі, соның сәулесі болуы
жағымен жақсы. Әйтпесе қызығатын нәрсе емес. Өйткені, ол қабір аузына дейін
ғана, бес тиындық құны жоқ. Егер бұл «Хуббы жах» сезімі ауыздықталмаса,
тоқтатыла алмаса, оның бағытын басқа жаққа бұру керек. Ол былай: ақыреттік
сауап үшін, халықтың қайыр дұғасын алу ниетімен және жасалған қызмет
жағымды әсер етуі үшін, төмендегі мысалға сәйкес бұл сезімнің болымды
жағы болуы мүмкін.
Мысалға: Аясофия мешітінің іші игі жақсылар мен
кәміл де аяулы жандарға толы. Босағада, аула ішінде бірен-саран тентек
балалар мен арсыз қаңғыбастар, терезеден сығалап мешіттің айналасында
жүрген сауыққұмар шетелдіктер бар. Сол кезде бір адам мешіттің ішіне кіріп,
жамағаттың ортасында, тамаша дауысымен құлаққа жағымды түрде Құран
оқыса, мыңдаған мұсылмандардың, игі жақсылардың назары соған ауып,
қошеметке бөленеді. Көпшіліктің дұғасы арқылы сауап алады. Тек, әлгі тентек
балаларға, қаңғыбас, Құдайдан безген арсыздарға, кейбір шетелдіктерге
ұнамай қалады. Егер, әлгі мешітке, сол тамаша жамағатқа басқа бір адам
келіп әдепсіз түрде, нәпсіні қоздыратын өлең айтып, бақырып шақырса,
секіріп билесе, әлгі тентек балаларды күлдіреді. Ұятсыз қаңғыбастардың
нәпсісін қоздырғандықтан оларға ұнайды. Мұсылмандардың кемшіліктерін
көруден ләззат алатын шетелдіктердің мысқылдап күлуіне себеп болады.
Бірақ, бүкіл игі жақсылар жамағаты оған жиіркенішпен қарайды. Олардың
көзіне ең төменгі дәрежедегі азғын кейпінде көрінеді. Міне, осы мысалдағы
сияқты Ислам әлемі мен Азия үлкен бір мешіт. Мұндағы имандылар мен
тура жолдағылар әлгі мешіттің абыройлы жамағаты. Әлгі тентек балалар
болса, баланың ақылындай ақылы жоқ ақымақтар. Қаңғыбас арсыздар болса,
батысқа еліктегіш, тексіз, дінсіз тобыр. Сырттан қызықтаушы шетелдіктер
болса, шетелдіктердің пікірін таратушы журналистер. Әрбір мұсылманның,
әсіресе абыройлы да кәміл жандардың осы мешітте дәрежелеріне қарай орны
болады, өзіне назар аудартып, көрініп тұрады.
Егер Ислам дінінің негізгі сыры болған ықылас пен Аллаһ ризасы үшін
Құран Хакім жеткізген үкімдер мен киелі ақиқаттарға сай іс-әрекет жасалса,
өзінің хал жағдайымен (хал тілімен) Құран аяттарын оқыса, әрбір мұсылман
айтатын اَللّٰهُمَّ اغْفِرْ لِلْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ /Аллаһым ерке пен қатын бүкіл момындарға мағфирет ет/ дұғасына ортақтасып, барлығымен бауыр болып, байланыста жүреді.
Тек, зиянкес жәндіктер секілді кейбір адасқандар мен баланың
ақылындай ақылы жоқ ақымақтардың алдында қадірі болмайды. Егер әлгі
адам даңқты ата-бабасы мен мақтан тұтар тарихын, рухани жақтан арқа сүйер
сахабалардың ұлы да нұрлы даңғылын тастап, әуестікке, мақтаншақтыққа,
екі жүзділікке салынып, бидғат істерге бой алдырса, бүкіл ақиқатшылдар мен
имандылардың назарында ең төменгі деңгейге құлдырап кетеді.
اِتَّقُوا فِرَاسَةَ الْمُؤْمِنِ فَاِنَّهُ يَنْظُرُ بِنُورِ اللهِ /Момынның парасатты назарынан сақ болындар,себебі ол Аллаһтың нұрымен қарайды/
сырына орай иманды жан қанша қарапайым, сауатсыз болса да, ақылы жетпей жатса да, ондай мақтаншақ адамды көрсе жүрегі тіксінеді, салқын қарайды, рухани түрде жиіркенеді.
Міне, атағын шығаруға, даңққа бөленуге жаны құмар адам (екінші адам)
сансыз жамағаттың назарында әсфәл-і сафилинге, яғни төменгілердің ең
төменгі деңгейіне түседі. Түкке тұрғысыз, сайқымазақ, алаяқ қаңғыбастардың
алдында уақытша, сасық бір орынға ие болады.
اَلْاَخِلاَّۤءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ اِلاَّ الْمُتَّقِينَ /Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады. (43;67)сырына орай
дүниеде зиян шегеді. Берзақта азап тартады. Ақыретте дұшпан, өтірікші
кейбір достар табады.
Бірінші жағдайдағы адам, егер «Хуббы жахты»
жүрегінен аластатпаса, бірақ ықылас пен Аллаһтың ризалығын негізге ала
отырып, атақ даңқын шығаруды мақсат тұтпау шартымен, бір жағынан
алғанда болымды, рухани дәреже, тамаша мәртебеге қол жеткізіп,
атаққұмарлық сезімін толық қанағаттандыра алады. Бұл адам азғантай ғана
құнсыз бір нәрсені жоғалтқанымен оның орнына көптеген құнды нәрсе
табады. Бәлкім, бірнеше улы жылан оған жоламай кетер, есесіне көптеген
жақсы жаратылыстар оның жанынан табылады, солармен дос болады. Тағы
да айтсақ, жабайы улы аралар одан теріс айналса, мейірім шәрбатын жинап
беруші берекелі бал аралары соған үймелейтін болады. Солардың қолынан
бал жегендей тамаша достар табады. Өз дұғалары арқылы кәусар бұлақтың
берекелі суын әрбір мұсылманға ішкізеді. Амал дәптеріне сауап жазылады.
Бір кездері, дүниенің жоғары лауазымына шығып алған кішкентай бір
адам даңқын шығару жолында үлкен күнә жасап Ислам әлемінің алдында
масқара болған кезінде, оған жоғарыдағы мысалды айтып, соққы берген
едім. Қатты шайқалды, бірақ даңқ құмарлықтан құтыла алмағандықтан, ол
ескертуіме ояна қоймады.
Сілтеме. Ол бишаралар «Жүрегіміз Ұстазбен бірге» деген оймен өздеріне
қауіп төніп тұрғанын байқамайды. Ал, дінсіздік ұғымына күш қосатын солардың
үгіттеріне еріп, өзі білмесе де, тыңшылық құралына айналып кету қаупі төніп
тұрған адамның «Жүрегім таза, Ұстазымның ұстанымдарын құптаймын» деуі
мынадай бір мысалға ұқсайды. Біреу намаз оқып тұрғанда, жел жіберіп қояды.
Дәреті бұзылады. Оған «Намазың бұзылды» деген кезде, ол «Намазым неге
бұзылады екен, жүрегім таза ғой» деген екен.