Әhл-и сүннет уәл жамағаттың айтуы бойынша: Хазреті Али (р.а.) Ұлы төрт халифаның төртіншісі. Хазіреті Сыддық (р.а.) бірінші халифа болуға әбден лайық болғандықтан ең әуелгі халифа сол болды.
Ал, Шиалардың ойынша: “Ең бірінші Халифа Хазіреті Али (р.а.) болуы керек еді. Оған әділетсіздік жасалды. Бәрінен бұрын Хазіреті Али (р.а.) лайық еді”. Келтіретін дәлелдерінің қысқаша түйіні:
Хазіреті Али (р.а.) жайындағы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінің көптігі. Хазіреті Али (р.а.) “Әулиелердің пірі” лақабымен танылды. Көпшілік әулиелер мен тариқаттар содан бастау алады және ілімі жағынан, батырлық пен құлшылық жағынан теңдессіз, асыл қасиеттерге ие. Хазіреті Пайғамбарымыз Алейhиссалату Уәссәләмнің оған және одан тараған Әлибейтке баса назар аударды. Бұл дәлелдер оның бірінші халифа болуы керек екенін көрсетеді. Қай жағынан болсын, бірінші халифа болу соның реті еді, одан тартып алынды” дейді.
Жауап: Хазіреті Алидің (р.а.) үш халифаның үшеуін де өз қалауымен мойындауы және жиырма жылдан астам оларға мойынсұнуы,
сондай-ақ, олардың Шейх-ул Исламы, яғни, діни мәселелерді шешетін ғұлама қызметін атқаруы, шиалардың айтқандарын жоққа шығарады. Сондай-ақ, үш халифаның дәуіріндегі дін Исламның жеткен жеңістері, дұшпандарын күйретуі және Хазіреті Алидің (р.а.) халифа кезіндегі оқиғалар, шиалардың «халифат» туралы көзқарасын теріске шығарады. Демек, әhли-сүннет уәл жамағаттың көзқарасы дұрыс. Егер біреу былай десе: Шиалар екі түрлі. Біріншісі. Шиа-и уәлайет (әулиелікке көбірек мән беретіндер) Екіншісі. Шиа-и хилафет (Халифалық мәселесіне көбірек мән беретіндер). Жарайды, екінші топтың пікіріне кек пен саясат араласқандықтан жөнсіз дейік. Ал, бірақ бірінші топта кек пен саясат жоқ қой. Дегенмен, Шиа-и уәлайет Шиа-и хилафетпен қосылып кеткен яғни, тариқаттағы әулиелердің бір тобы Хазіреті Алиді (р.а) абзал көріп отыр. Саясат жағындағы Шиа-и хилафеттің айтқандарын растап отыр. Жауап: Хазіреті Алиға (р.а.) екі жақты қарау керек.
Біріншісі. Жеке тұлғалық кемелдігі мен өзіндік мәртебесі жағынан.
Екіншісі. Ал-и бейттің рухани тұлғасының уәкілі ретінде.
Ал-и Бейттің рухани тұлғасы болса, Расул-ы Әкрәм Алейhиссалату Уәссәламның мән-мағынасын көрсетеді.
Міне, бірінші жағынан алғанда ақиқатқа көзі жеткендер бір ауыздан, Хазіреті Алидің өзі (р.а.) бас болып, Хазіреті Әбубәкір мен Хазіреті Омарды (р.а.) жөн санап, ең алдымен оларды ұсынады. Олардың дін Исламға жасаған қызметі және Аллаhқа жақындығы жағынан мәртебелері әлдеқайда жоғары деп бағалайды.
Екінші жағынан Хазіреті Али (р.а.) Әһл-и бейттің рухани тұлғасының уәкілі. Али-бейттің рухани тұлғасы болса, Мұхаммедтің (с.а.у.) мәнмағынасының, оның ақиқатының уәкілі болуы жағынан ешкіммен салыстыруға келмейді.
Міне, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Хазіреті Али (р.а.) жайында көп мадақтаған хадистері осы екінші жағына қатысты. Бұл ақиқатты дәлелдейтін нақты риуаят бар. Расул-ы Әкрәм Алейhиссалату Уәссәләм: “Әр пайғамбардың ұрпағы өзінен тараған. Менің ұрпағым, Алидің (р.а.) ұрпағы” деп бұйырған. Хазіреті Алиді (р.а.) басқа Халифаларға қарағанда әлдеқайда жоғары бағалап, мақтайтын хадистердің кеңінен жайылуының себебі, Әмауилер мен Хариджилердің оған жазықсыз тиісіп, кемсітулеріне қарсы әhл-и сүннет уәл жамағат ол кісі туралы риуаятты көп таратты. Басқа халифалар ондай мінеуге, кемсітуге көп ұшырамағандықтан, оларды мақтайтын хадистердің жайылуына аса мұқтаждық болмады.
Хазіреті Алиге (р.а.) Шиа-и уәлайеттің шектен тыс сүйіспеншілігі және тариқат жағынан айтылған аса жоғары бағалауы, әрине оларды Шиа-и хилафет сияқты жауапты ете қоймас. Себебі, әулиелер өз жолдарының талабына сай жол көрсетушілеріне, пірлеріне махаббатпен қарайды. Асыра сілтеу – сүйіспеншіліктің әдеті. Сүйіктісін өз мәртебесінен жоғары көргісі келеді және көреді де. Махаббатын асыра сілтеу Әhл-и хал үшін кешірімді болуы мүмкін. Бірақ, олар басқа халифалар туралы жаман ойламай, дұшпандық сезімнен аулақ болуы керек. Ислам қағидаларына қайшы келмеу шартымен кешірілуі мүмкін.
Ал, шиа-и хилафеттің саяси мақсаты болғандықтан кек пен дұшпандықтан арыла алмай отыр. Кемшіліктерін мойындамағандықтан кешірілу мүмкіншіліктерінен де айырылуда.Сонымен қатар, Амр Ибн-ул Астың Хазіреті Алиге (р.а.) қарсы шығуы және Омар Ибн Садтың Хазіреті Хусейінге (р.а.) қарсы бас көтеріп, соғыс ашуы шиалардың Омар есіміне қарсы ашу-ызасын оятқан. Шиа-и уәлаиеттің Әhл-и сүннет уәл жамағатқа ренжитін реті жоқ. Өйткені, әhл-и сүннет Хазіреті Алиді (р.а.) кемсітпейді, керісінше өте жақсы көреді. Бірақ хадис бойынша қауіпті саналатын шектен тыс махаббаттан сақтанып, асыра сілтеуден аулақ тұрады. Пайғамбарымыздың Хазіреті Алидің (р.а.) жақтастарын мақтаулары Әhл-и сүннетке қатысты. Өйткені, Хазіреті Алиді (р.а.) шын сүйетіндер – Әhл-и hақ, яғни Әhл-и сүннет уәл жамағат.
Иә, Хазіреті Иса Алейhиссаламға деген шектен тыс махаббаттың христиандар үшін қауіпті болғаны белгілі. Сол сияқты Хазіреті Алиге (р.а.) деген шектен тыс махаббаттың қауіпті екендігі сахих хадисте анық түсіндірілген.
Егер Шиа-и велаиет: “Хазіреті Алидің (р.а.) жоғары кемелдігін қабылдағаннан кейін, Хазіреті Сыддықты (р.а.) одан артық көру ақылға сыйымсыз” – десе, жауабы: Хазіреті Сыддық-ы Әкбар мен Фаруқ-ы Ағзамның (р.а.), яғни Хазіреті Әбубәкір мен Омардың (р.а.) жеке тұлғалық кемелдіктерін, пайғамбарлық міндетті жалғастыру жағымен халифалық кезеңдеріндегі кемелдіктерін таразының бір жағына ал, Хазіреті Алидің (р.а.) жеке тұлғалық таңғажайып кемелдігі мен халифалық дәуіріндегі мәжбүр болған ішкі, өзара қайғылы қақтығыстар мен сынға ұшыраған өзара соғыстарын таразының екінші жағына қойылса, әлбетте, Хазірет Сыддықттың (р.а.) немесе Фаруқтың (р.а.) немесе Зиннурейннің (р.а.) жағы ауыр басатынын Әhл-и сүннет уәл жамағат көрген, сондықтан жоғары бағалаған.
“Он Екінші” және “Жиырма Төртінші” сөздерде дәлелденгеніндей: Пайғамбарлықтың дәрежесі әулиелікке қарағанда өте жоғары. Сондықтан Пайғамбарлықтың кішкентай бір ұшқыны әулиеліктің үлкен сәулесінен әлдеқайда абзал. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, Хазіреті Сыддық-ы Әкбар (р.а.) мен Фаруқ-ы Ағзамға (р.а.) пайғамбарымыздың міндетін жалғастыру, оның үкімдерін орнықтыру жолында Аллаh тарапынан мол табыс, үлкен үлес берілгендігі, халифа кезіндегі жетістіктері Әhл-и сүннет уәл жамағат үшін дәлел болып отыр. Хазіреті Алидің (р.а.) жеке тұлғалық кемелдігі, оларға Пайғамбарлықтан қалған мол үлестен асып кете алмаған. Әрі Хазіреті Али (р.а.) Хазіреті Әбубәкір мен Омар (р.а.) халифа кезеңінде оларға ШейхулИслам қызметін атқарған және оларды құрметтеген.
Апырым-ай, Хазіреті Алиді (р.а.) жақсы көріп құрметтеген Әhл-и сүннет уәл жамағат, Хазіреті Алидің (р.а.) жақсы көріп, аса құрметтеген халифаларын қалайша жақсы көріп, құрметтемесін?
Бұл ақиқатты бір мысалмен түсіндірейік. Мысалы, өте бай бір адамнан мұра болып балаларының біреуіне жиырма батпан күміс пен төрт батпан алтын беріледі. Екіншісіне бес батпан күміс пен бес батпан алтын беріледі. Үшінші баласына үш батпан күміс пен бес батпан алтын беріледі. Соңғы екеуі саны жағынан аз алғанымен, құн-сапа жағынан артық алады.
Міне, осы мысал сияқты Хазіреті Әбубәкір мен Омардың (р.а.) Пайғамбарлықтан мұрагерлігі, Исламның үкімдерінің негізін орнатудан, яғни Аллаhқа жақындық дейтін алтыннан алған үлесінің аз ғана артықшылығы – жеке тұлғалық кемелдік пен әулиелік гауhарларынан шыққан және әулиелік кемелдікпен Аллаhқа жақындау дейтін күмістен басым түседі. Салыстырған кезде осы екі жақты ескере отырып қарау керек. Әйтпесе жеке батырлығы мен ілімі және әулиелігі жағынан бір-бірімен салыстырылса, ақиқаттың бейнесі өзгереді.
Әрі Хазіреті Алидің (р.а.) бойынан көрінетін Әл-и бейттің рухани тұлғасы мен сол рухани тұлғада толық мұра түрінде қалдырылған Мұхаммедтің (с.а.у.) ақиқаты жағынан салыстыруға болмайды. Өйткені ол жерде Пайғамбарымыз Алейhиссалату Уәссаламның терең сыры жатыр.
Бірақ, шиа-и хилафет, Әhл-и сүннет уәл жамағаттың алдында ұялудан басқа шарасы жоқ. Өйткені, бұлар Хазіреті Алиді (р.а.) қатты жақсы көреміз дей тұра оны кемсітуде. Олар Хазіреті Алиді (р.а.) жаман мінезді етіп көрсетеді. Өйткені, олар былай дейді: “Хазіреті Сыддық пен Хазіреті Омар (р.а.) жөнсіз болса да, Хазіреті Али (р.а.) олармен бірге жүрген. Олардың тілімен айтқанда “тақие” қылған, яғни, олардан қорқып амалсыздан қызмет еткен. Апырым-ай, осындай Ислам қаhарманы әрі “Аллаhтың арыстаны” атағына ие болған және шыншылдардың үлгісі, жетекшісі болған жанды екіжүзді, қорқақ және ұнатпаған адамдарына жағымпазданып, жиырма жылдан астам шарасыз бірге жүріп әділетсіздікке көне берген деп айту, оған деген сүйіспеншілік емес. Ондай махаббатты Хазіреті Али (р.а.) қабылдамайды.
Ал, сүнниттердің түсінігі ешбір жақтан Хазіреті Алиді (р.а.) кемсітпейді. Жаман мінезді деп кінәламайды. Осындай ғажайып бір батырға қорқақ деп жала жаппайды. Әрі былай дейді: “Егер Хазіреті Али (р.а.) Хазіреті Әбубәкір мен Омарды (р.а.) мойындамаса, оларға бір минөт та мойынсұнбас еді. Демек, оларды дұрыс деп тапқан және жоғары санағандықтан, күш-қайраты мен батырлығын әділдік жолына арнаған”.
Қорытынды. Әр нәрсенің шамадан тыс асыра сілтенуі немесе жетпей нұқсан қалуы жақсы емес. Ең дұрысы – ортасын ұстану. Әhл-и сүннет уәл жамағат соны таңдаған. Бірақ, өкінішке орай, Әhл-и сүннет уәл жамағат атын жамылған ваххабилік және хариджилік пікірді жақтап, саясатпен сырқаттанған топтар Хазіреті Алиді (р.а.) сынап, “саясатты білмегендіктен басқара алмады” дейді.Міне, осы орынсыз мін таққандарға Шииттер ренжиді. Алайда, Әhл-и сүннеттің қағидалары мен ұстанымы бұл пікірге мүлдем қайшы. Хариджилер мен дінсіздер айтатын мұндай пікірге ерегісіп Әhл-и сүннетті кіналауға болмайды. Керісінше Әhл-и сүннет Хазіреті Алиді (р.а.) Шииттерден де артық жақсы көріп жақтайды. Бүкіл хұтбаларында, дұғаларында Хазіреті Алиді (р.а.) мадақтап, лайық түрде дәріптейді.
Әсіресе, әhл-и сүннет уәл жамағат жолындағы әулиелер мен асфиялар Оны жол көрсетуші, әулиеліктің бастауы деп біледі.
Шиалар, өздерінің және әhл-и сүннеттің дұшпаны болған хариджилер мен дінсіздерді ажыратып Әhл-и хақ сүнниттермен араздаспауы керек. Тіпті шиалардың бір тобы Әhл-и сүннетке қырсығып сүннетті тастап отыр.Жарайды бұл мәселе туралы көп айттық. Өйткені ғалымдар арасында көп тартыс туғызған-ды.