Неге саясатқа осынша немқұрайлылық танытып отырсыз? Әлемде мұншалық өзгерістер болып жатса да сіз өз ұстанымыңызды өзгерткен жоқсыз. Осы өзгерістер дұрыс деп ойлайсыз ба, әлде, қорқасыз ба, неге үнсіз отырсыз?
Жауап: Құран Хакимге қызмет, менің саясатқа араласуыма қатаң түрде тыйым салды. Тіпті, саясат туралы ойлаудың өзін мүлде ұмыттырды. Әйтпесе, басымнан өткен шытырман өмірім куә, өзім ақиқат деп сенген ісімнен ешқашан қорқып, шегініп көрмеппін. Қорқа қоятын дәнеңем де жоқ қой. Бұл дүниеде ажалым келмеген соң ғана жүрмін. Бала-шаға, дүние-мүлік дейтін ештеңем жоқ. Рияшылдыққа итермелейтін дүниелік атақ-даңқымды көтерушілерге емес, құлдыратушыларға рахмет айтамын… Ажалдан басқа не қалды? Оның өзі Жаратушы Халиқ-ы Зүлжәлалдың құзырында, уақыты келмей оған ешкім араласа алмайды. Онсыз да абыройлы өлімді, қорлықта өмір сүруден артық санайтындарданмын.
Бұрынғы Саид секілді біреу былай деген екен:
وَ نَحْنُ اُنَاسٌ لَا تَوَسُّطَ بَيْنَنَا ٭ لَنَا الصَّدْرُ دُونَ الْعَالَم۪ينَ اَوِ الْقَبْرُ
Құранға қызмет ету, мені қоғамдық өмірдің саясатына араласудан алыстатып отыр. Адамзат өмірі дегеніміздің өзі – жолаушылық. Құранның нұрымен зер сала қарасам, дәл қазіргі жағдайда бұл жол батпаққа кірді. Бейшара адамзат осы жиіркенішті, сасық, батпақты жолда жығылып-сүрініп кетіп барады.
Алайда, адамзаттың бір тобы бөгетсіз сара жолды тауып сонымен жүріп барады. Ал бір тобы әлгі батпақты жолдан аман шығу үшін қолдарынан келгенше кейбір құралдарды тауып алған. Көпшілігі сол батпақты жолдың тереңіне түсіп, қараңғылықтан шығар жол таппай мүлде адасуда.
Ал әлгі батпақты жолдағылардың жүзден жиырмасы мастыққа түскендіктен, сасық батпақты жұпар иісті әтір деп, бет-ауызына жағып, былғануда, сүрініп-қабынып жүріп, батып кетіп жатыр. Қалған сексен пайызы бұл жолдың батпақты былғаныш екенін білсе де, басқа таза, даңғыл жолға түсудің амалын білмегендіктен, амалсыз, аң-таң. Бұларға қарсы қолданар екі шара бар.
Біріншісі: Әлгі мас жиырма пайыздың есін жыйдыратын амал, оларды таяқтап ояту.
Екіншісі: Сексен пайыз есі шығып, аң-таң қалғандардың көзін нұр арқылы ашып, даңғыл жолды көрсету.
Байқасам, әлгі жиырмаға қарсы сексен адам қолына таяқ ұстап алған. Ал, анау аң-таң болған сексеннің көзін ашатын нұр оларға толық көрсетіліп жатқан жоқ, көрсетілген жағдайда да бір қолына таяқ, бір қолына нұр ұстағандықтан сенімсіздік туғызуда. Аң-таң байғұс адам: «Япырау, мені нұрмен алдап шақырып алған соң, таяқпен ұрып жықпақ па?» деп, күдіктенуде. Сонымен қатар кейбір кедергілердің кесірінен таяқ сынып қалса … нұр да жоқ болып кетуде, не сөніп қалуда.
Мұндағы батпақ дегеніміз – адасушылыққа, дінсіздікке, қызық құмарлыққа салынып, тура жол таппай қалған адамзат қоғамы. Ал, мастар дегеніміз – бұрыс жолда жүруден ләззат алатын тәкәппар қырсықтар. Ал, аң-таң қалғандар дегеніміз – адасу жолынан шаршап, тура жолды қалай табарын білмей сенделіп қалғандар. Ал таяқ дегеніміз, саяси ағымдар.
Ал, жарық нұр дегеніміз – Құран ақиқаттары.
Нұрға қарсы күресуге, дұшпандық етуге болмайды. Қуылған шайтаннан басқа, одан жиіркенетін ешкім жоқ. Міне, мен де Құран нұрына бөлену үшін
اَعُوذُ بِاللّٰهِ مِنَ الشَّيْطَانِ وَ السِّيَاسَةِ
деп, саясат сойлын тастап, қос қолыммен нұрға жабыстым. Байқасам, саясаттың ішінде жүргендердің екі жағында да яғни, жақтастарда да, қарсыластарда да нұрға құштарлар бар.
Бүкіл саяси ағымдар мен соларға жақтас болудың барлығынан жоғары, олардың бір-біріне деген өшпенділік көзқарастарынан таза, жоғарғы дәрежеде берілетін Құран дәрістері мен көрсетіліп жатқан Құрани нұрлардан ешкімнің де тартынбауы және олардан күмәнданбауы керек. Ал, дінсіздікті, дінге жасалып жатқан қастандықты саясат санап, соларға жақтасып жүрген адам бейнесіндегі шайтандар мен адамша киінген хайуандар болса, басқа мәселе. Әлһамдулиллаһ, саясаттан аулақ тұру арқылы, Құранның алмастай асыл ақиқаттарының құнын, шиша сынықтарының нарқына түсірмедім. Барлық топтардың көз алдында бұл алмастар барған сайын жарқырай түсіп, құны артады әлі.
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ الَّذ۪ى هَدٰينَا لِهٰذَا وَمَا كُنَّا لِنَهْتَدِىَ لَوْلَٓا اَنْ هَدٰينَا اللّٰهُ لَقَدْ جَٓاءَتْ رُسُلُ رَبِّنَا بِالْحَقِّ
اَلْبَاقِى هُوَ الْبَاقِى
Саид Нұрси