Хазреті Мұхамедтің (с.а.у) мұғжизалары екі түрге бөлінеді. Біріншісі: «Ирһасат» деп аталатын пайғамбарлық келмей тұрғанда және дүниеге келген кезінде болған таңғажайып оқиғалар.Екіншісі:Пайғамбарлығына қатысты басқа да дәлелдер. Бұл да екі бөлімнен тұрады. Біріншісі: Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін оның пайғамбарлығына дәлел боларлық таң ғажайып оқиғалар. Екіншісі: Бақыт ғасырында, яғни, өзі өмір сүрген кезінде болған ғажайып оқиғалар. Бұл екінші бөлімді де екіге бөлуге болады. Біріншісі: Өз бойында, жан дүниесінде және сырт көрінісінде, мінез-құлқы мен кемелділігінде байқалған пайғамбарлық дәлелдер. Екіншісі: Әлемдегі, құбылыстарда көрінген мұғжизалар. Бұл екінші түрін де екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі: Мағынауи (рухани) және Құрани. Екіншісі: Мадди (материялық) және әлемдік. Бұл екінші бөлімді де екі топқа бөліп талдаймыз. Біріншісі: Пайғамбарлығын дәлелдеу мақсатында, кәпірлердің қасарысуын тоқтату немесе иман етушілердің иманын қуаттау үшін көрсетілген ғажайып мұғжизалар. Мысалы, Айдың екіге бөлінуі, саусағынан су ағуы, азғана тағамға көп адамның тоюы, хайуанат пен ағаш, тастардың сөйлеуі секілді, мұның да жиырмаға жуық түрі бар. Бұлардың әрбірі тәуәтүр дәрежесінде, яғни, еш күмәнсіз анық түрде бірнеше рет қайталанған. Ал екінші түрі болса, келешекте болатын оқиғаларды хабарлауы. Расулуллаһқа Хақ Тағала білдіреді, ол да хабар береді. Біз осы соңғы бөлімінен бастап рет-ретімен баяндайық.
Негізінде ақиқатшыл ғалымдар Пайғамбарымыздың мұғжизалары мыңға жуық деп айтқанымен, бәлкім мыңдаған тіпті жүз мыңдаған шығар. Олар жүз мың жолдармен келіп, көзқарасы мен пікірі әртүрлі жүз мыңдаған адамдар тарапынан расталып бізге жеткізілген. Тек Құран Кәрімнің өзінде қырық мұғжизасы нақты түрде баяндалып, мыңдаған дәлел табылады.
Хазреті Мұхаммедтің (с.а.у) Пайғамбарлық дәлелдері тек мұғжизаларымен ғана шектелмейді. Мән беріп қараушыларға Оның барлық іс-әрекеттері мен сөздері, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы, көңіл күйі мен сырт көрінісі түгел, оның тура әрі рас айтып тұрғанын дәлелдейді. Тіпті, Бәни Исраилдың атақты ғалымы Абдулла ибн Салам сынды жандар, Пайғамбарымыздың (с.а.у) тек бет әлпетін көріп: «Бұл дидарда айлакерлік жоқ! Алдауы мүмкін емес» деп, иманға келген екен.
Расулуллаһ Ғалейhиссалату Уәссаламның ахуалы мен
сипаттары, «Сияры нәби», яғни, өмірбаяны жайлы кітаптарда жазылған.
Алайда ол кітаптардағы сипаттары мен хал-ахуалының көпшілігі адами
жағына көп назар аудартады. Дегенмен осы мүбәрәк Кісінің (с.а.у) рухани
жағына, Оның (с.а.у) тап-таза жан дүниесі мен асқақ та нұрлы рухына баса назар аударған жөн. Өмірбаяны мен тарих кітаптарында баяндалған сипаттары әлгіндей жоғарғы дәрежелі асқақ абыройын суреттеп, лайық бейнесін бере алмайды.