Ислам Рисале-и Нұр

Ақырзаманда «Жер бетінде Аллаһ, Аллаһ дейтін ешкім қалмайынша қиямет болмайды»

Сұрақ: Ақырзаманда Хазіреті Иса (а.с)
Тажалды өлтіргеннен кейін адамдардың көбі Хақ дінге кіреді. Алайда: «Жер
бетінде Аллаһ, Аллаһ дейтін ешкім қалмайынша қиямет болмайды» деп
риуяттарда айтылған. Иманға келушілер соншама көбейетін болса, қалай
бәрі бірдей кәпір болып кетеді?

Жауап: Сахих хадисте риуаят етілген Хазіреті Иса (а.с) келетінін және
Ислам шариғатымен амал ететінін, Тажалды өлтіретінін иманы әлсіз
болғандар шындыққа жанастыра алмайды. Оның мәнісі түсіндірілсе,
ешқандай шындыққа жанаспайтын жағы қалмайды. Ол былай: Әлгі
хадистің және Суфиян мен Мәһди жайындағы хадистердің мағыналары
мынадай. Ақырзаманда дінсіздіктің екі ағымы күш алатын болады.

Біреуі: Нифақ (Іріткі) пердесінің артында Ахмедтің (с.а.у) пайғамбарлығын жоққа
шығаратын «Суфиян» есімді сұмдық біреу дінбұзарларды басқара отырып,
Ислам шариғатын бұзуға тырысады.
Оған қарсы Пайғамбарымыздан (с.а.у) тарайтын нұрлы шежіренің бір
бұтағы әулиялар мен кәмілдердің басшысы болатын «Мұхаммед Мәһди»
атты нұрлы бір тұлға, Суфиянның рухани тұлғасы ретіндегі мунафықтық
ағымды талқандап жояды.

Екіншісі. Табиғатшылдық және материалистік философия туындатқан
Немрудтық ағым (жеке басқа табыну ағымы) ақырзаманда материалистік
философияға арқа сүйеп, барған сайын күшейе түседі. Жаратушыны жоққа
шығаратын дәрежеге дейін барады. Мысалы, Елді бір патшаның басқарып
тұрғанын білмейтін, әскердегі сардарлар мен сарбаздардың бәрі де соған
бағынатынын түсінбейтін, мойындамайтын бір жабайы адам жұрттың
бәріне, әрбір сарбазға жеке-жеке патша деп қарайды. Бас басына би деп
біледі. Дәл сол сияқты, Аллаһты жоққа шығаратын әлгі ағымдағылар
Нәмруд секілді, өздерін Құдайдай сезінеді. Ал солардың басшысы және ең
үлкендері спиритизм мен гипноздау әдістерін пайдалана отырып, сұмдық
әсер етуші Тажал, тіпті асырып жібереді. Өктемшіл, алдамшы билігін, бәрін
билеуші етіп көрсетіп, өзінің Құдайлығын жариялайды. Бір шыбыннан
жеңіліп қалған және бір шыбынның қанатын да жарата алмайтын сорлы
бір адамның өзінің Құдай екендігін жариялауы қаншалықты ақымақтық,
масқара екендігі мәлім.

Осындай бір кезеңде, сол ағымның өте күшті болып көрініп тұрған
шағында, Хазіреті Иса алейһиссаламның рухани тұлғасы түріндегі нағыз
христиандық діні ортаға шығады. Яғни, Иләһи мейірім көгінен түседі.
Қазіргі жағдайдағы христиан діні сол ақиқатқа негізделіп, тазарады.
Қоспалар мен бұзғыншылықтан арылып, Ислам ақиқаттарымен бірлеседі.
Яғни, христиандықтың мән мағынасы Исламға айналады. Құранды негізге
ала отырып, христиандықтың сол рухани тұлғасы – қосшы, ал Исламият
– басшы дәрежесінде қалады. Осындай бірігудің нәтижесінде Хақ дін ұлы
күшке ие болады. Бөлек-бөлек кезінде дінсіздік ағымынан жеңіліс тапқан
христиандық пен Исламият, бірігу нәтижесінде дінсіздік ағымын жеңіп,
талқандай алатын күшке ие болған кезде, аспан әлемінде адами денесімен
жүрген Иса алейһиссалам сол Хақ дін қозғалысының басшысы болып
келетіні жайлы хабарды, барлық нәрсені Жаратушы Құдіреттің уәдесіне
сүйене отырып, Пайғамбарымыз (с.а.с.) жеткізген. Егер Ол Кісі (с.а.с.)
айтқан болса, онда ол рас.

Христиан дінінің осындай өте маңызды нәтижелермен өз міндетін аяқтауы
үшін, аспанда өз денесімен тірі жүрген Иса алейһиссалам түгілі, ақыреттік
әлемнің ең ұзақ түкпіріне кетіп қалса да, тіпті шынымен өліп кеткен болса да,
Иса (а.с.)-ға қайтадан дене беріп, дүниеге әкелу – Ұлы Хакимнің хикметіне
қисынсыз емес. Қайта Оның хикметі солай болуын қалағаннан кейін соған
уәде берген. Егер Ол уәде берген болса, әлбетте жібереді.Хазіреті Иса алейһиссалам келген кезде барлық адамның оның Иса
екендігін білуі шарт емес. Оны, оған жақын кісілер мен таңдаулы жандар
ғана Иман нұрымен тани алады. Әйтпесе, ашық түрде жұрттың бәрі танып
білмейді.

Ал, Тажалдың жалған жұмағы – мәдениеттің нәпсіні қоздыру арқылы
өзіне тартып кететін фантазиялары. Мәдениеттің қолындағы бұл нәрсе бишара діндарлар мен мұсылмандарға тозақтағы Зебанидей қауіп әкеледі. Бостандықтан айырып, кедейшілікке түсіреді. Сонымен, шынайы Христиан дінінің шығуы мен Исламиятқа айналуы арқылы әлемнің басым бөлігіне нұрын жаяды. Бірақ, қияметтің орнауына жақын қалғанда қайтадан бір дінсіздік ағымы бой көрсетіп, басымдық танытады. «Басымдық көпшілікте» қағидасы бойынша жер бетінде «Аллаһ, Аллаһ» дейтін адам қалмайды. Яғни, жер бетінде маңызды роль атқаратын мықты жамағаттың қалмауы «Аллаһ, Аллаһ» дейтін ешкім қалмайды деген сөз. Әйтпесе, азшылықта қалып жеңіліске ұшыраған мұсылмандар қияметке дейін бола береді. Бірақ, қиямет орнар шақта, оның үрейлі сұмдығын көрмеуі үшін Аллаһтың мейірімі ретінде, имандылардың рухтары басқалардан бұрынырақ
алынады. Қиямет кәпірлердің басына орнайды.

15-Мектуб

Leave a Comment

E-posta adresiniz yayınlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir

*